30.09.2025
Біз мектебіміздің тарихында ерекше орын алған тұлға – Егізбаев Сейільбек Жұмабекұлы жайлы еске алуды жөн көрдік.
Сейільбек Жұмабекұлы 1946 жылы Ақмола облысы Бурабай ауданының Тайтак ауылында дүниеге келді. 1965 жылы Атбасар педагогикалық училищесін, кейін Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтын тәмамдады.
Өз еңбек жолын Жарқашқан орта мектебінде физика және математика пәндерінің мұғалімі болып бастап, кейін осы мектептің директоры қызметін атқарды. Кейіннен Ільин орта мектебінің де директоры болды.
1980-жылдары Жақсы аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Ал 2001–2007 жылдары Жарқайың аудандық білім бөлімін басқарды. Ол — өз ісіне адал, талапшыл әрі әділ басшы болды. Оның жетекшілігімен аудан мектептері үлкен жетістіктерге жетті.
Мектеп директоры ретінде 25 жылдан астам уақыт қызмет етіп, бірнеше буын ұстаздар мен оқушылардың жүрегінде өшпес із қалдырды.
Сейільбек Жұмабекұлы – білім саласына сүбелі үлес қосқан, әріптестері мен жерлестерінің құрметіне бөленген, жас мамандарға өнеге болған тұлға.